
Астанада музыка мектебі, шығармашылық зертхана және кәсіби концерт алаңы арасындағы шекара іс жүзінде жойылған жаңа кеңістік пайда болды. 4 қарашада елордада BIART шығармашылық индустриялар мектебінің ішінде құрылған көпфункциялы BIART Music Hall залы таныстырылды.

Трансформацияланатын зал кеңістіктік дыбыс жүйесімен, заманауи жарық жабдықтарымен және ауданы 60 шаршы метр болатын LED-экранмен жабдықталған. Оның конфигурациясын іс-шараның сипатына қарай өзгертуге болады - шағын концерттен бастап ауқымды музыкалық кешке немесе іскерлік форумға дейін.

Music Hall - балалар мен жасөспірімдер музыка, актерлік шеберлік, хореография, цифрлық және бейнелеу өнерін меңгеретін білім беру ортасының бір бөлігі. Мұнда оқу және дайындық сыныптары, хореография залдары, дыбыс жазу және подкаст студиялары, грим бөлмелері мен бірлесіп жұмыс істеуге арналған кеңістіктер орналасқан.

Кәсіби сахна оқу үдерісінің жалғасына айналады: бала музыкалық аспапта ойнауды алғашқы сабақтардан бастап үйреніп, кейін ансамбль құрамында өнер көрсете алады, жеке қойылымын дайындап, біртіндеп көрермен алдына шығуға мүмкіндік алады.

BIART тарихы 2025 жылы басталды. BI Group холдингінің 30 жылдығына орай оның акционерлері Астанада Өнер орталығын құру туралы шешім қабылдады. Ол үшін Сығанақ көшесінде ауданы шамамен бес мың шаршы метр болатын жеке ғимарат салынды. Жоба BI Education білім беру экожүйесінің бір бөлігіне айналды.

Орталық дәстүрлі өнер бағыттары мен заманауи шығармашылық мамандықтар қатар дамитын орын ретінде ойластырылды. Мұнда білім берумен қатар, дайындық өткізуге, музыка жазуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасалған.

BIART дамуына он жылдан астам кәсіби тәжірибесі бар театр продюсері және сахналық жобалардың менеджері Олжас Ибраев жетекшілік етеді. Бұған дейін ол Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрын басқарған, Мұхтар Әуезов және Қалибек Қуанышбаев атындағы театрларда, «Астана Мюзикл» театрында жұмыс істеген, сондай-ақ Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Ұлттық өнер» факультетінің деканы қызметін атқарған.

Оның кәсіби өмірбаянында Франциядағы халықаралық Avignon Off фестиваліне қатысу, Еуропа қалаларындағы театр жобалары және Лондондағы Warehouse Theatre театрында жұмыс істеу бар. Сол жерде ол заманауи театрда цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндіктерімен танысқан.

- BIART Music Hall сахнасын жобалаған кезде алдымызда бір сұрақ тұрды: ол дәстүрлі театр сахнасы болып қала ма, әлде кино түсіруге, телевизиялық түсірілімдер, форумдар мен концерттер өткізуге болатын көпфункциялы кеңістікке айнала ма? - дейді BIART директоры Олжас Ибраев. - Біз екінші нұсқаны таңдадық. Мектебімізде оқитын балалардың алғашқы күндерден бастап кәсіби сахнада өнер көрсету мүмкіндігі болғанын қаладық. Бұл идея менде 2017–2018 жылдары «Қазақконцертте» жұмыс істеп жүрген кезімде пайда болды. Сол кезде біз Қазақстанға алғаш рет француздардың «Ромео мен Джульетта» және «Нотр-Дам де Пари» мюзиклдерінің франшизаларын алып келдік. Техникалық райдерлерде бұрын өзім кездестірмеген жабдықтарға қойылатын талаптар жазылған еді. Сол қойылымдарды жүзеге асыру үшін қажетті аппаратураны әртүрлі жерден жинауға тура келді.

- 2023 жылы Қазақстанға цифрлық театрды алып келсем деген арманмен Лондонға аттандым. Менімен бірге қазір Abai TV арнасында режиссер болып жұмыс істейтін Мұрагер барды. Қойылым басталар алдында бізге құлаққап берді. Алғашында ол арқылы синхронды аударма беріледі деп ойладық. Бірақ спектакль басталғанда мүлде ерекше дыбыс естідік: актерлердің дауысы мен қимыл-қозғалысы дәл жанымызда болып жатқандай қабылданды. Сахнадағы әрекетке ілесіп, басымызды үнемі бұрып отырдық. Содан кейін: неге Қазақстанда мұндай технологиялар жоқ деген ойға келдік. BIART жобасын қолға алған кезде серіктестерімізбен бірге Soundscape 360° жүйесі бар зал құруды шештік. Осылайша көптен бергі идея шындыққа айналды.

Директордың айтуынша, кеңістік әртүрлі форматтағы іс-шараларға арналған. Сахнаның биіктігін реттеуге болады, ал телескопиялық трибуналар көрермендердің орналасу тәртібін өзгертуге мүмкіндік береді. Германияда өндірілген жабдықтарды Asimetri компаниясы жеткізген.

- Мен сіздерді колонкалардың модельдері мен техникалық терминдерге қатысты ақпаратпен жалықтырғым келмейді. Өйткені біз үшін техника - ең алдымен көрерменге эмоция жеткізетін құрал, - деп түсіндіреді театр саунд-дизайнері Михаил Соколик. - Біздің жұмысымыздың түпкі мақсаты - қойылым авторлары ойластырған сезімдерді көрерменге жеткізу. Бұл дыбыс әлеміндегі 3D іспетті: көрермен өзін оқиғаның ішінде жүргендей сезінеді. Бүгін біз жүйенің музыкалық шығармалармен және жанды орындаушылармен қалай жұмыс істейтінін көрсетеміз. Бірақ колонкалар туралы ұзақ әңгімелеу - ең дұрыс емес нәрсе. Колонкаларды тыңдау керек.

Таныстырылым барысында қонақтар түрлі музыкалық шығармалардың орындалуын тыңдап, сахналық кеңістіктің мүмкіндіктерімен танысты. Шақырылғандардың арасында музыканттар, актерлер, шығармашылық индустрия өкілдері, іс-шара ұйымдастырушылары және білім беру саласының мамандары болды.

- Мен радиода 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеймін және дыбыстың көлемді, сапалы, ең бастысы, дәл болуы қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін, - деп әсерімен бөлісті радиожүргізуші Азамат Имашев. - Бүгін біз көрерменнен гөрі тыңдаушы болдық. Сонымен қатар визуалды көрініс музыкалық бағдарламаны тамаша толықтырды. Әсіресе көрермендердің шеңбер бойымен орналасуы қызықты болды: бұл сахнадағы әрекетті қабылдауды мүлде өзгертеді. Жазда біз мұнда өз жобамызды өткізгенбіз, бірақ бүгін залдың өзгеру мүмкіндіктерінің барлық нұсқасын алғаш рет көрдім. Менің ойымша, алдағы уақытта бұл алаңда үлкен концерттер мен айтулы премьералар өтеді. Оның техникалық мүмкіндіктері әртүрлі деңгейдегі әртістердің райдерлерімен жұмыс істеуге жағдай жасайды.

- Таныстырылымның алғашқы бөлімі маған ерекше әсер етті. Музыка жүрекке соншалықты терең жетті, тіпті денем түршікті, - дейді жасанды интеллект пәнінің оқытушысы Жанар Сабазова. - Енді форумдар, конференциялар және білім беру іс-шараларын өткізу мүмкіндіктерінің таныстырылымын қызығушылықпен күтіп отырмын. Ұйымдастырушылар мұнда жасанды интеллектіні қалай пайдалануға болатынын көрсетеміз деп уәде берді. Мен корпоративтік клиенттермен және үлкен оқу топтарымен жұмыс істейтіндіктен, бұл кеңістіктің оқыту үшін қаншалықты ыңғайлы болатыны мені ерекше қызықтырады.

- Олжас Ибраев мұндай технологиялармен алғаш рет Лондонда танысқанын және оларды Қазақстанға әкелуді бірнеше жыл бойы армандағанын айтты, - деп бөлісті айтыскер ақын Данияр Алдабергенов. - Бүгін біз оның ойындағы мақсатының жүзеге асқанына куә болдық. Өнер көрсетілімдері кезінде дыбыс залдағы әр адамның жүрегіне жеткендей болды. Алдағы уақытта мұнда өтетін қызықты мәдени іс-шаралардың талайына куә боламыз деп үміттенемін.

Шақырылған қонақтардың кейбірі BIART Music Hall мүмкіндіктерін іс жүзінде бағалап үлгерген. Олардың қатарында осы алаңда Astana Sound 2026 халықаралық фестивалін өткізген опера әншісі, контратенор әрі дирижер Батыржан Смақов бар.
- Менің ойымша, BIART Music Hall - тек Астана үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін бірегей концерт залы, - дейді Батыржан. - Мен бұл алаңды сырттай ғана білмеймін. Жақында біз мұнда ірі халықаралық фестиваль өткіздік, сондықтан оның мүмкіндіктерін өз тәжірибеме сүйеніп бағалай аламын. Әсіресе сахнаның әмбебаптығы маңызды. Ол шығармашылық идеяны дәстүрлі концерт залының шеңберімен шектемей, режиссердің сан алуан шешімдерін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

- Маған бәрі қатты ұнады, - деп бөлісті актер Ислам Асылхан. - Менің ойымша, мұнда көптеген қызықты шығармашылық жобаларды жүзеге асыруға болады. Мұндай алаң әртістерге тәжірибе жасауға көбірек еркіндік береді.

- Мен екі жылдан астам уақыттан бері ірі іс-шараларды ұйымдастырумен айналысамын, түрлі жобаларда үйлестіруші және дизайнер болып жұмыс істедім, - дейді Бекзат Сейтжанов. - Кәсіби тұрғыдан қарағанда, кеңістіктің қаншалықты ыңғайлы ұйымдастырылғаны ұнады. Шоу кезінде дыбыс пен сахнадағы әрекеттің өзара үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Мұнда болашақта өткізгім келетін іс-шараларға қатысты идеялар да пайда болды.

BIART қызметінің жеке бір бағыты музыкалық білім берумен байланысты. Мектеп 2026 жылғы 1 наурызда ресми түрде ашылды және бірнеше айдың ішінде өзінің шығармашылық ұжымдарын қалыптастырып үлгерді.
- BIART BI Group компаниясының білім беру экожүйесіне кіреді. Менің ойымша, мектептің басты артықшылығы - балалар үшін жасалған жағдайлар, - дейді қазақстандық флейташы Жібек Сапарғалиева. - Мұнда төрт негізгі бағыт бар: музыка өнері, хореография, актерлік шеберлік пен театр, сондай-ақ Digital Art. Балалар фортепиано, скрипка, флейта, домбыра және басқа да халық аспаптарында ойнауды үйренеді, K-pop пен брейк-дансты қоса алғанда, классикалық және заманауи билермен айналысады. Тіпті диджеинг те бар. Астанада мұндай ерте жастан бұл бағыт бойынша оқыту іс жүзінде кездеспейді. Өткен айлардың ішінде оқушылар жеке концерттер беріп, түрлі байқаулардың лауреаттары атанып үлгерді. Оқытушылар құрамын да ерекше атап өткім келеді: мамандар кәсіби тәжірибесі, біліктілігі мен жетістіктері ескеріле отырып іріктелген.

- Тағы бір үлкен артықшылық - музыкалық аспаптардың қолжетімділігі, - деп жалғастырады Жібек Сапарғалиева. - Скрипка немесе флейтада ойнауды енді үйреніп жүрген бала біраз уақыт мектептің аспабын пайдалана алады, яғни бірден өзіне аспап сатып алудың қажеті жоқ. Мұнда әртүрлі өлшемдегі он шақты домбыра бар. Бұл әсіресе жаңадан бастаған музыканттар үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар BIART-та жеке вокалды-аспаптық топ құрылған. Тіпті кейбір мамандандырылған оқу орындарымен салыстырғанда да мұндағы жағдай шынымен таңғалдырады.

BIART Music Hall қазірдің өзінде концерттер мен театр қойылымдарын қабылдап, біртіндеп Астананың мәдени картасындағы дербес алаңға айналып келеді. Сонымен бірге оның білім беру қызметі жобаның басты ерекшеліктерінің бірі болып қала береді. Қазақстан үшін мұндай кеңістіктер тек концерттік инфрақұрылымды дамыту тұрғысынан ғана маңызды емес. Қазіргі шығармашылық мамандықтар музыка, сценография, цифрлық өнер, бейнеөндіріс және технологиялар сияқты бірнеше саладағы білімді қатар меңгеруді барған сайын көбірек талап етеді.
1. BIART Music Hall деген не және ол қайда орналасқан?
BIART Music Hall - Астана қаласындағы Сығанақ көшесі, 17/41 мекенжайында орналасқан көпфункциялы концерт залы. Ол BI Group компаниясының BI Education білім беру экожүйесіне кіретін BIART шығармашылық индустриялар мектебінің құрамына енеді.
2. BIART Music Hall басқа концерт залдарынан несімен ерекшеленеді?
Зал заманауи кеңістіктік дыбыс жүйесімен, ауданы 60 м² LED-экранмен, кәсіби жарық жабдықтарымен және өзгермелі сахнамен жабдықталған. Телескопиялық трибуналар көрермендердің орналасуын әртүрлі іс-шараларға бейімдеуге мүмкіндік береді.
3. BIART мектебінде балалар қандай бағыттар бойынша білім алады?
BIART мектебінде музыка, хореография, актерлік шеберлік, театр және Digital Art бағыттары бар. Балалар фортепиано, скрипка, флейта, домбыра сияқты аспаптарды меңгеріп, заманауи билермен, диджеингпен және цифрлық өнермен айналыса алады.
Фоторепортаж Shanger.kz пен Aleminform бірлескен жобасы аясында дайындалды.

Digital Bridge 2025 форумында 500 стартап, инвесторлар және AI жобалары ұсынылды. Қазақстан жаңа цифрлық дәуірге қадам басуда.

Nazarbayev University-де дәрігерлер мен зерттеушілер қатысатын Өnergy Kitchen гастрономиялық кеңістігі таныстырылды.

Қарабұлақта «Жердің сыйы» жәрмеңкесі өтті: фермерлер бал, ірімшік, қымыз, нан және басқа табиғи өнімдерін ұсынды.

Meta Description: DEGDAR қорының тарихы мен «Астана кештері» фестивалінің 15 жылдығы. 2026 жылғы мерейтойлық фестивальден фоторепортаж.

Астанада Исатай Исабаевтың «BETAŞAR» көрмесі ашылды. Бір картинаның тарихы, беташар дәстүрі және Shanger.kz фоторепортажы.

Shanger.kz үшін Қарлығаш Нұржанның Астанадағы «Жастар театры» ХХ маусымы мен «Шыңғысхан» қойылымының ашылуынан фоторепортажы.

Astana Coffee Expo 2026: баристалар, кофе қуырушылар, халықаралық қатысушылар және Қазақстандағы кофе мәдениетінің дамуы.

Алматыдағы Smart Point коворкингі: жұмыс, жобалар және стартаптар кеңістігі. Shanger.kz үшін фоторепортаж.

Астананың бес бес жұлдызды қонақүйіне жасалған жеке шолу: сервис, атмосфера, асхана және интерьер фотожурналист Карла Нурдың көзімен.
Пікірлер
Әзірше пікірлер жоқ. Пікір қалдырған алғашқы адам болыңыз!