Оқушылар мен студенттерді іскерлікке үйрететін жоба
Shanger.kz

«Тәлімгер» жобалары Маңғыстау облысындағы балалар мен педагогтермен жұмыс істеп, іскерлікті, мүмкіндіктер мен мәселелерді байқай білуді, жауапкершілік алуды және қажетті өзгерістерді міндетті түрде біреу жасайды деп күтпеуді дамытады. Осы жұмыстың жалғасы болған жобалардың бірі 10–17 тамыз аралығында Каспий теңізінің жағалауында өткен Bolashaq.me кәсіби бағдар лагері болды.
Анықтама үшін: Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының мәліметінше, Маңғыстау облысында бір жыл жұмыс істеген жоба өңірдің барлық аудандарын қамтыды. Қордың іс-шаралары 176 мыңнан астам оқушыны қамтыды, ал жұмыс желісіне 159 мектеп, 25 колледж және 400 мектепке дейінгі ұйым кірді. 380-ге жуық педагог оқудан өтті.

Апта бойы қатысушылар командалармен жұмыс істеп, нақты мәселелердің шешімдерін іздеп, мамандықтармен танысты.

Жасөспірімдер өздерін инженерияда, шығармашылық мамандықтарда, кәсіпкерлікте және жасанды интеллектпен жұмыста сынап көрді, ал педагогтер мен кәсіби бағдар мамандары олардың реакциясын бақылап, сонымен бірге жаңа әдістерді сынады.

Маңғыстаудағы «Тәлімгер» жобасының жетекшісі Гүлдана Мүсәлім: - Біз үшін балалардың әлеуетін одан әрі ашу маңызды. Болашақта олар өз өңірінің дамуына өздері атсалысса дейміз.

16 тамызда, лагерьдің аяқталуына бір күн қалғанда, қатысушылар шығармашылықтарын, тапқырлықтары мен талғамдарын көрсетті: ақ футболкаларға бояу жағып, түрлі белгілерден өз композицияларын құрастырып, командалық дефилеге дайындалды. Ақтаудағы IT-лицейдің жетінші сынып оқушысы Санжар Каракушиковтың футболкасы ақ күйінде қалды.

- Ақ түс менің жанымды және балалық шағымды білдіреді. Қазір мен әлі проблемалар туралы ойламай, өзім үшін өмір сүре алатын кездемін, өйткені мен әлі баламын. Кейін жұмыс, мамандық, салық, қарыздар пайда болады, мұның бәрі аздап қорқынышты. Ал әзірге мен еркінмін, бүкіл өмірім әлі алдымда, - деп түсіндіреді Санжар.

- Мұнда бізді ересек өмірге дайындап жатыр. Біз жұмыс, мамандықтар, бизнес туралы сөйлесеміз, кәдімгі мектеп тапсырмаларынан ауқымдырақ дүниелер жасаймыз. Мен әлі баламын, бірақ мұндай ақпарат артық болмайды, - дейді оқушы.

Жобаның бастауы, яғни балалардың іскерлігін дамыту идеясы Bolashaq.me пайда болғанға дейін көп бұрын қалыптасты. 2010 жылдардың ортасында мектеп оқушыларының кәсіпкерлік ойлауын дамыту идеясын Тимур Құлыбаев ұсынды. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекеннің» қатысуымен мектептерге кәсіпкерлік негіздері курсын енгізу жұмысы басталды.

«Тәлімгер» атқарушы директоры Анар Елемесова жобаның басты міндеті өз шешімдерінің салдарын түсінетін дербес әрі жауапты адамдарды тәрбиелеу екенін айтады.
- Жас ұрпақ жағдайға кеңірек қарап, бір нәрсені өзгерту өз қолында екенін түсінуі керек. Кәсіпкерлік дегеніміз жауапкершілік те. Кәсіпкер бастаған ісіне ақшасымен, уақытымен, беделімен жауап береді, - дейді Анар.

Оның айтуынша, адам өз мәселесін мемлекет немесе жұмыс беруші шешіп береді деп күтпеуі керек, керісінше, өзі жол іздеп, әрекет етуі қажет.

Лагерьде бұл қағида қарапайым жаттығуға айналды. Жасөспірімдерге аумақты аралап, өздеріне ұнамайтын нәрселерді табу, бірақ шағымдардың тізімін жасаудың орнына шын мәнінде жүзеге асыруға болатын шешім ұсыну тапсырылды.

Бөлмелердің бірінде балалар жалюзидің жеткілікті құпиялықты қамтамасыз етпейтінін байқап, жөндеу күтудің орнына терезенің проблемалы бөлігін стикерлерден жасалған композициямен өздері жауып қойды.

Bolashaq.me-ді жасөспірімдердің мінез-құлқы, ересектердің жұмысы және білім беру жобасының өміршеңдігі қатар тексерілетін пилоттық алаң ретінде қарастырған дұрыс.

Лагерь бағдарламасы бірізді құрылған: алдымен қатысушылар танысып, командада жұмыс істеуді үйренеді, кейін мамандықтарды зерттейді, нақты мәселелерді іздейді, шешімдер ойлап табады және соңында өз жобаларын қорғайды.

Ермек Дүйсенхановтың айтуынша, бағдарлама алдын ала әзірленіп, бірнеше ай бойы талқыланып, командамен пысықталған, алайда балалар оған тез арада өз түзетулерін енгізген. - Біз бағдарламаны өте ұзақ әзірледік, ал мұнда оның шынайы өмірмен және балалардың креативімен қалай бетпе-бет келетінін көрдік. Олар бағдарламаны жасауға өздері де қатысады, біз күн сайын кері байланыс жинап, соның негізінде бір нәрсені өзгертіп отырамыз. Бәлкім, дәл осы балалар бізге икемдірек болуды және бағдарламада көбірек еркіндік қалдыруды үйретті, - дейді Ермек.

Пилоттың ерекшелігі - лагерьден кейін бұл әдістемені кәдімгі мектептерде қолдану жоспарланып отыр. - Біз үздік тәжірибелерді жинап, лагерь бағдарламасын жүйелеп, осындай бағдарламаны өздерінде өткізгісі келетін облыстар мен мектептерге бергіміз келеді. Мұнда қымбат зертхана қажет емес, - дейді Дүйсенханов.

- Балалар тек партада отырып, тақта алдында тұра бермеуі керек. Олар үнемі өздері бір нәрсе жасап, тапсырмаларды шешіп, түрлі рөлдерді байқап көріп, өз тәжірибесі арқылы үйренуі қажет.
Анықтама үшін: Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметінше, 2030 жылға қарай еңбек нарығы айтарлықтай өзгереді, шамамен 170 млн жаңа жұмыс орны пайда болып, 92 млн-ға жуық жұмыс орны жойылуы мүмкін. Бүгінде қызметкерлерге қажет дағдылардың шамамен 39%-ы да өзгереді. Сондықтан оқушыларға қандай қабілеттері бар екенін және оларды түрлі салаларда қалай қолдануға болатынын түсіну маңызды. Bolashaq.me платформасында 24 бағыт бойынша 1000-нан астам мамандық жинақталған, олардың жүзден астамы туралы сол салаларда жұмыс істейтін мамандар айтып береді.

Кейбір қатысушылар лагерьге қызығушылықтары қалыптасып қойған күйде келіп, бағдарламаны өздерін тексерудің мүмкіндігі ретінде пайдаланған. Он төрт жастағы Амалия Вадодария сегіз жылдан бері вокалмен, бес жылдан бері актерлік шеберлікпен айналысады. Ол болашағын қазірдің өзінде сахнамен байланыстырады. - Шынымды айтсам, мамандық таңдау тұрғысынан бұл жерде өзім туралы аса үлкен жаңалық білдім деп айта алмаймын, өйткені не қалайтынымды білемін. Маған актерлік шеберлік, сахна, шығармашылық қызық, - дейді ол.

Оқуды кәдімгі сабаққа азырақ ұқсатудың бір тәсілі - лагерьдің ішкі ойын экономикасы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ауысымның басында қатысушыларға «Тәлімгер» деп аталатын өз валютасында шартты капитал берілді.

Қосымша бірліктерді белсенділік, командалық тапсырмаларды орындау, пайдалы видео түсіру және басқаларға көмектесу арқылы табуға болатын.

15 тамызға қарай жиналған ресурс шешім қабылдау үшін қажет болды. Аукционда командалар жобаларды бөлісіп, жұмысқа лагерь мамандарын тарта алды, олардың әрқайсысының өз ойындық бағасы болды.

Осылайша, бірнеше күн бұрын ғана ересек куратор ретінде қабылданған адам команда үшін шектеулі ресурсқа айналды. Балалар оған тапқан қаражатын жұмсау керек пе, ол қандай сараптамалық көмек бере алады және дәл қазір жобаға қажет пе деген сұрақтарды өздері шешуге тиіс болды.

Ақтаудағы Нұрдос Оңдасынов атындағы №5 мектептің 11-сыныбына көшкен Нұрай Жолдас лагерьде өзіне деген сенімі артып, жаңа қабілеттерін ашқанын айтады. - Мен мұнда көп дос таптым, жаңа қабілеттерімді аштым және өзімді еркін әрі сенімді сезіне бастадым. Біз Ақтаудағы түрлі мәселелерді байқап, оларды қалай шешуге болатынын ойлауды үйрендік, - дейді ол.
Бірақ Нұрай бағдарламаның әлсіз тұсын да атап өтеді. Оның пікірінше, кейбір тапсырмаларда кіші жастағы жасөспірімдер мен жасы үлкен студенттерді бөлек топтарға бөлген дұрыс болар еді.

Ал әдіскерлер үшін әртүрлі жастағы қатысушыларды араластыру саналы түрде қабылданған шешім болды. Бір әдістің әр жастағы қатысушылармен қалай жұмыс істейтінін бақылау үшін командаларға шамамен 13 пен 19 жас аралығындағы мектеп оқушылары мен колледж студенттерін біріктіруге тырысты. Бұл бір лагерь аясында шешіле қоймайтын пікірталас тудырады. Ұйымдастырушы пайдалы пәнаралық тәсіл деп санайтын нәрсені нақты қатысушы қолайсыздық ретінде қабылдауы мүмкін.

Ал басқа жасөспірімдер, мысалы Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Нұрболат Бокаев, аралас командалардан тек пайда көрген. - Мен түсінген ең басты нәрсе: не істесең де, командамен жұмыс істеп, бәрін бірге талқылаған дұрыс. Асығыс қорытынды жасауға болмайды. Алдымен ойланып, басқалармен сөйлесіп, содан кейін ғана шешім қабылдау керек, - дейді ол.

Жаңаөзендегі «Тәлімгер» өкілі Айгүл Таджикова бұл өзгерісті басқа қырынан бақылаған. - Бірінші күні олар бір-бірін дерлік танымайтын, кейбіріне ортаға қосылу қиын болды. Бірнеше күннен кейін нағыз ынтымақтастық байқала бастады, біреуге көмек керек болса, команда бірден әрекет етеді. Басында ешкім білмеген қабілеттер де ашылды: біреу домбыра тартады, біреу ән айтады, енді біреу күтпеген жерден жақсы сөйлейді немесе ұйымдастыруды өз мойнына алады, - дейді ол.

Нұршат Нұрберген лагерьге бизнес туралы жаңа білім алғысы келіп келген. - Мен бизнес бағытында дамып, бұрын өзім байқамаған қырымды ашқым келді. Нәтижесінде күткенімнен де көп нәрсе алдым, жаңа ортаға түстім және өзіме әр қырынан қарауға мүмкіндік алдым. Өзімнің жасырын қабілеттерімді байқай бастадым. Бір апта өте тез өтті, қоштасу қиын, - дейді ол.

Жаңаөзеннен келген, «геология» мамандығы бойынша техникалық колледжді бітірген он тоғыз жастағы Әлішер Аман тәжірибенің басқа қырын атап өтеді. - Иә, біз әртүрлі адамдармен сөйлесуді, өз ойымызды сенімдірек жеткізуді, жобаны қорғауды үйрендік. Бірақ ең бастысы, Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерге тек шағымданып қана қоймай, оларды шешуге тырысу керек екенін түсіндік, - дейді ол.

Дәл осы сын айтудан жоба ұсынуға көшуге бағдарламаның ересек қатысушылары ерекше мән берді. Финалдық жұмыстар Маңғыстаудың мәселелеріне арналды, жасөспірімдер әлеуметтік сала, инклюзия, қала ортасы, ауыл шаруашылығы және басқа бағыттар бойынша шешімдер ұсынды.

Жоба қорғауына қатысқан «Тәлімгер» қоғамдық қорының құрылтайшысы Айгүл Ахметова балалардың өздері таңдаған мәселелер ауқымына назар аударған. - Олардың айналасында болып жатқан жағдайларға бейжай қарамайтыны мені қуантты. Он жыл бұрын бәрі баланың жасырын әлеуетін кәсіпкерлік білім мен дұрыс кәсіби бағдар арқылы ашу идеясынан басталған еді. Бүгінде олардың түрлі салалардағы білімді біріктіріп, шешім іздеуге тырысып жүргені көрінеді, - дейді Ахметова.

Сонымен бірге «Тәлімгер» авторлары әр адамның кәсіпкер болуы міндетті емес екенін атап өтеді. Ең маңыздысы - адамның өз орнын өзі іздеп, әрекет ете білуі.
- Біз кәсіпкерлік білім алған әр бала міндетті түрде өз ісін ашады деп есептемейміз. Ол жалдамалы қызметкер болуы мүмкін, бірақ бастамашыл әрі тиімді жұмыс істей алады. Ал басқа біреу шынымен бизнес құрып, жұмыс орындарын ашады. Біз үшін адамның өз өміріне өзгеріс енгізу мүмкіндігі өз қолында екенін түсінуі маңыздырақ. Бір ағай немесе апай келіп, сенің орныңа бәрін шешіп береді деп күтудің қажеті жоқ, - деп атап өтеді Анар Елемесова.

«Тәлімгер» командасы алғашқы нәтижелерді бірнеше жылдан кейін көруді жоспарлап отыр. Оқушылармен кәсіби бағдар жұмысы жетінші сыныптан басталады, кейін олардың қызығушылықтары мен қабілеттері таңдаған мамандығымен және мектептен кейін түскен оқу орнымен қаншалық сәйкес келгенін бақылау көзделген.
Анықтама үшін: Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың I тоқсанында Қазақстандағы NEET санатындағы, яғни жұмыс істемейтін, оқымайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастардың үлесі 5,8%-ды, ал 15–34 жастағы адамдар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрады. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, 2025 жылы әлем бойынша оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіптік даярлықтан өтпейтін 15–24 жастағы жастардың үлесі шамамен 20% болған.

Колледж студенттеріне қатысты жұмыс бөлек бағыт ретінде қарастырылған. Жоба оларды оқуын аяқтағанға дейін сүйемелдеуді, жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектесуді, кейін түлектің жұмыс таба алғанын немесе білімін жалғастырғанын бақылауды жоспарлап отыр. Ұзақ мерзімді перспективада «Тәлімгер» командасы жастардың өмірден өз орнын тауып, қызығушылықпен жұмыс істеп, лайықты табыс тауып, өз болашағына жауапкершілікпен қарай алуына үміттенеді.
Shanger.kz үшін бұл тақырып қоғамның экономикалық дербестігі туралы кеңірек мәселемен де байланысты. Бұған дейін біз мемлекеттік тапсырыстардың бұрынғы жүйесі жойылғаннан кейін әзірге шектеулі жеке сұраныс пен меценаттық жағдайында өмір сүруге мәжбүр болған суретшілер туралы жазған едік. Кәсіпкерлік білім бұл мәселені өздігінен шешпейді, алайда компаниялар, жұмыс орындары мен өз капиталын құра алатын адамдар буыны болашақта мәдениетті, әлеуметтік бастамалар мен қайырымдылықты жеке қолдау мүмкіндіктерін де кеңейтеді.

«Арыстан» лицейіндегі бір күн: тәртіп, оқу, спорт, дрондар, домбыра және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қарапайым ұл балалардың есейуі.

Auyl Sport жобасы ауыл спортшыларына жеңістерге және халықаралық аренаға жол ашып, жаңа мүмкіндіктер берді…Фоторепортаж Карлыгаш Нуржан для Shanger.kz

В селе Аулиеколь открыт новый детский сад «Алтын бесік», оснащённый по международным стандартам и прозванный «Аулиекольским Хогвартсом».
.jpg?2025-12-20T19:21:06.199Z)
Talpyn.Halyk 2025 байқауында Маңғыстау студенттері идеядан нақты өндіріске өтіп, табыс әкелетін бизнес-жобаларды іске қосты.

Жоба оқушыларға қабілеті мен қызығушылығына сай мамандықты саналы таңдауға көмектесіп, болашаққа дұрыс бағыт береді.

«Мирас» мектебінің жаңа корпусы, заманауи зертханалар мен IB бағдарламасындағы оқушыларға ашылған жаңа мүмкіндіктер.

Фоторепортаж Kundelik-тен BilimClass жүйесіне көшу төңірегіндегі жанжал туралы, ата-аналар, сот процестері және цифрлық қауіпсіздік мәселелері жөнінде

«Ybyrai mektebi» — Шығыс Қазақстандағы инновациялық ауыл мектебі, жаңа педагогика мен мықты команда арқылы білім сапасын өзгертуде.
.jpg?2026-04-27T13:56:48.236Z)
Halyk Ormany өрттен кейін Семей орманын қалпына келтіруге көмектесіп жатыр: қарағай отырғызу, питомниктерді дамыту және орманды қайтарудың ұзақ жолы.

Астананың жасыл белдеуінде волонтерлер 7 500 алма көшетін отырғызды. «Halyk орманы» жобасы бес жылда 4 миллион ағаш егуге бағытталған.
Comments
No comments yet. Be the first to comment!