Қазақстандық PR мамандарының әлеуметтік қызметі. 1-бөлім
Shanger.kz

PR мамандарының жұмысын көбіне компанияларды танытумен, коммерциялық жобалармен және жарнамамен байланыстырады. Алайда олардың міндетіне қоғамдық бастамаларды қолдау, шағын өндірушілерге көмектесу, донорлықты насихаттау, медициналық ақпарат тарату және мәдени мұраны сақтау да кіреді. Біз әлеуметтік тақырыптармен айналысатын коммуникация мамандары туралы фоторепортаждар топтамасын бастаймыз. Бірінші бөлімде сіздерді бес кейіпкермен таныстырамыз. Олар өз жобалары, қол жеткізген нәтижелері және осы салаға қалай келгені туралы әңгімеледі.
Мектеп кезіндегі еріктіліктен Slow Food халықаралық кеңесіне дейін

Аида Баймақова - PR маманы және халықаралық Slow Food экогастрономиялық қозғалысының еріктісі. Өзінің айтуынша, ол қозғалыстың Қазақстандағы жұмысын он жылдан астам уақыт бойы үйлестіріп келеді. Аида қоғамдық қызметке мектеп қабырғасында жүргенде араласқан. Оның анасы Гүлмайра Баймақова «Жер-Ана Астана» бірлестігін басқарады.
- Мектеп кезінен қоғамдық бірлестік өткізетін іс-шараларға қатыса бастадым, кейін Slow Food құрылымында өз тобымды құруға дейін өстім, - дейді Аида. - 2017 жылы Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдерінің атынан Slow Food халықаралық кеңесіне кірдім. Қозғалыстың стратегиялық шешімдерін қабылдауға қатысатын осы кеңестегі Қазақстанның алғашқы өкілі болдым. Мен үшін ең маңыздысы - халықаралық ұйымдардың экологиялық тұрғыдан орнықты азық-түлік саясатын ілгерілету бағытында қалай жұмыс істейтінін үйреніп, тәжірибе жинау еді.
Slow Food қызметінің бағыттарына жергілікті өндірушілерді қолдау, азық-түлік алуандығын, дәстүрлі өнімдерді, өсімдік сұрыптары мен жануар тұқымдарын сақтау кіреді. Біз жоғалып кету қаупі бар өнімдер туралы айтып, олардың өндіріс ерекшеліктеріне назар аудартамыз. Қазақстанда гастрономиялық бағыттарды дамытуға мүмкіндік бар деп ойлаймын. Мұндай сапарларға қатысушылар шаруашылықтармен, жергілікті азық-түлік түрлерімен және тағам дайындау тәсілдерімен танысып, белгілі бір өңірдің климаты мен өсімдіктері өнімге қалай әсер ететінін біле алады. Мысалы, балдың ерекшелігі аралардың қандай өсімдіктерден шірне жинайтынына да байланысты. Осындай таныстықтар арқылы жергілікті өнімдер мен оларды өндіретін адамдар туралы көбірек білуге болады.
Қозғалысымыздың қағидасы - «әр адамға дәмді, таза әрі әділ жолмен өндірілген тағам». Бұл жерде өнімнің сапасы, қоршаған ортаға деген көзқарас және өндірушінің еңбек жағдайы туралы сөз болып отыр. Өндіруші де өз еңбегі үшін лайықты ақы алуы керек. Азық-түлік жүйесінің алдағы жылдары да орнықты болуы үшін бұл өте маңызды. Еріктілікті негізгі кәсібіммен қатар алып жүрмін. Қай компанияда жұмыс істесем де, әлеуметтік жобалар өмірімнің бір бөлігі болып қала береді.
Бір жарияланым жас режиссерлерге түсірілімді жалғастыруға көмектесті

RAEM.kz негізін қалаушы Райымбек Ескендіров маркетингпен 2012 жылдан бері айналысады. Алғашында компаниялар мен брендтерді интернетте ілгерілетумен айналысып, кейін стартаптарда маркетолог және өнімді дамыту маманы болып жұмыс істеген. Өзі қатысқан жобалардың арасында қазақстандық суретшілердің картиналарын сату да болған. Ал дайын тағам сататын ақылды тоңазытқыштар желісін құру жобасының тең құрылтайшысы болған.
- Өз медиамда Қазақстандағы шағын IT жобаларға назар аударуды ұйғардым, - дейді Райымбек. - Менің байқауымша, ірі компаниялар мен табысты стартаптарға көбірек көңіл бөлінеді де, көпшілікке әлі таныла қоймаған командалар туралы аз айтылады. Солардың тасасында Қазақстан үшін әлеуметтік маңызы бар шағын стартаптар да бар.
Бір көмектің тарихы танысымның қоңырауынан басталды. Екі жас кинематографист - «Шабытта» режиссура мамандығы бойынша оқуын аяқтап жүрген бойжеткен мен оның жігіті, оператор әрі режиссер - қазақтардың неге қазақша сөйлемейтіні туралы деректі фильм түсірмек болды. Олар Қазақстан қалаларын аралап, көшеде сұхбат алуды жоспарлаған. Бірақ уәде етілген қаржы берілмей, команда қиындыққа тап болды. Жастар түнейтін жерге кететін шығынды үнемдеу үшін вокзалдарда да қонуға дайын болған. Сол себепті менің танысымнан шатыр сұраған.
Мен олардың оқиғасын сайтта және әлеуметтік желілерде жарияладым. Алғашқы күндердің өзінде адамдар үн қатып, баспана, тамақ, кездесу және түсірілімге көмек ұсына бастады. Бір-екі күнде олардың қайда тұратынын, кім қарсы алатынын, кім көрікті жерлерді көрсетіп, жергілікті тағамнан дәм татқызатынын таптық. Тіпті олар баруды жоспарламаған қалалардан да ұсыныстар түсті.
Фильм авторларымен режиссерлер мен блогерлер де байланысқа шықты. Команда сапарын жалғастырды, ал Астанаға келесі келгенде шатырды қайтарып берді. «Болды, рақмет, енді оның қажеті жоқ», - деді. Жастар маған алғыстарын айтып, ұзақ аудиохабарлама жазып жіберді. Көмектесе алғаныма өте қуаныштымын. Қазір фильмнің жұмысы жалғасып жатыр, қараша–желтоқсан айларында шығады деп күтемін.
Мені қызықтыратын өзге тақырыптардың арасында тамақ қалдықтарын азайтуға арналған сервистер мен мүгедектігі бар адамдардың қашықтан жұмыс істеуі бар. Кофе көрмесінде тамақтану орындары сатып үлгермеген дайын тағамдарды сатуға арналған сервис әзірлеп жатқан студенттер командасымен таныстым. Мүгедектігі бар тағы бір сұхбаттасым қашықтан жұмыс істеу тәжірибесі және басқа адамдарға цифрлық кәсіптерді үйретуі туралы айтып берді.
Қазір басылымның орысша және қазақша нұсқаларын дамытып жатырмын. Қазақстандық технологиялық жобаларды шетелдік аудиторияға таныстыру үшін ағылшынша нұсқасын да қосуды жоспарлап отырмын.
Алдымен өзі сүйек кемігі донорларының тіркеліміне кірді

ERG компаниясының ішкі коммуникациялар жөніндегі PR серіктесі Алтнай Ибраева 2011 жылы Самара мемлекеттік университетін «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша бітіріп, осы салада білім алған.
- 2012 жылы Байқоңырда алғашқы жұмысыма орналастым. Зымыран ұшырылымдарының тікелей эфирлерін, ғарышкерлермен баспасөз мәслихаттарын ұйымдастыруға қатыстым. Оларды жергілікті телеарнаға өзім монтаждаған жаңалық сюжеттерінде көрсеттім, - дейді Алтнай. - 2015 жылы отбасыммен Байқоңырдың ыстық климатынан Астананың қақаған қысына көшіп келдік. Қиыр Солтүстіктегі Жаңа Үреңгой қаласында он бір жыл тұрғандықтан, аяздан қорықпаймын деп ойладым. Бірақ кейде Астана одан да суық сияқты көрінеді, өйткені мұнда жел өте қатты.
Астанаға алғаш көшіп келгеннен кейін отбасымызбен біраз уақыт Қарағандыда, кейін Павлодарда тұрдық. Өңірлік телеарналарда, Қазақстан электролиз зауытында, Отбасы банкте және Қазақтелекомда жұмыс істедім. Ал 2024 жылдан бері ERG-де жұмыс істеймін.
ERG-де қызметкерлерді компанияның ішкі жобаларына тартумен айналысамын. Солардың бірі - «Еуразиялық - өмір доноры» жобасы. Ол әлеуетті гемопоэздік дің жасушалары донорларының тіркеліміне қосылуға арналған. Жоба Әсел Бәйсейітова атындағы қайырымдылық қорының өтінішінен кейін басталды. Алғашында донор мен реципиенттің кездесуін қолдау туралы сөз болған. Кейін компания қызметкерлер үшін донор күндерін ұйымдастырып, тіркелім туралы ақпарат тарату жұмысын бастады. Мен өзім тіркелімге алғашқылардың бірі болып қосылдым. Өзімнен бастамасам, жоба туралы айтып, адамдарды қатысуға шақыра алмаймын деп шештім.
Астанадағы кеңседе өткен алғашқы осындай күні гемопоэздік дің жасушалары донорларының тіркеліміне шамамен 22 қызметкер қосылды. Тіркелу үшін небәрі 9 мл қан тапсыру қажет болды. Әріптестерім: «Осындай іс-шаралар өткізіп жүргендеріңіз қандай жақсы. Бір жерден естіген күннің өзінде Қан орталығына арнайы барып, тіркелімге қосылар ма едім, белгісіз», - дейтін. Тіркелімге қосылуға шақыратын ақпараттық науқанға жедел лейкозға байланысты өзі де донор көмегіне мұқтаж Дон тау-кен байыту комбинатының қызметкері қатысты. Біз оған өз оқиғасы мен сәйкес донорды күтіп жүргені туралы видео жазуға көмектестік. Осылайша жоба аясында гемопоэздік дің жасушалары донорларының тіркеліміне 160-тан астам қызметкер қосылды.
Донорлық жобадан бөлек, бізде «Наурыз - игі істер айы» жобасы бар. Компанияда шамамен 15 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан осы жоба кезінде қызметкерлер бір ай бойы бірігіп, бір-біріне көмектеседі. Сондай-ақ жыл сайын балаларға мектепке арналған рюкзактар жинаймыз. Әріптестерім Астанадағы «Клуб добряков» еріктілер қауымдастығы мен Қарағандыдағы «Время жить» қорына жүзден астам рюкзак дайындады. Ал жалпы ERG бойынша мыңға жуық рюкзак жиналды.
Жұмыстан тыс уақытта тағы бір қоғамдық іске араластым. Ата-анамның пәтерінен Кіші Талдыкөлдің бір бөлігін және көлдегі құстарды бақылап жүрдім. Судың тартыла бастағанын байқағанда, күйеуім бұл мәселеге блогерлердің назарын аударуды ұсынды. Телефонды қолыма алып: «Мұны неге өзім жасамасқа?» - деп ойладым. Видео түсіріп, таныстарыма бірлескен жарияланымға қосылуды ұсындым. Жарияланымды «Астана покажет» парақшасы қолдап, видео 300 мыңға жуық қаралым жинады. Осыдан кейін мені экологиялық кездесулерге шақыра бастады, WhatsApp-тағы «ЭКО Парк Талдыколь» тобына қосты. Аумақты абаттандыру және көлді сақтау жоспарларын әлі де бақылап жүрмін.
Медицинадан журналистика мен PR-ға, одан қайта медицинаға
.jpg?2026-09-15T14:24:01.421Z)
Алина Әлбекова жетінші сыныптан медицинада жұмыс істегісі келіп, хирург болуды армандаған. Жалпы практика фельдшері мамандығын алып, еңбек жолын Оралдағы «Талап» клиникасында мейіргер болып бастаған. Астанаға көшкеннен кейін учаскелік мейіргер, кейін Ана мен бала орталығында онкомаммология және онкогинекология бағытында жұмыс істеген.
- Журналистикаға «Мегаполис» газетінің тілшілер қосынын басқарған Елена Нефедовамен танысқаннан кейін келдім, - дейді Алина. - Ол маған үйлестіруші болып жұмыс істеуді ұсынды. Бұл өте қиын шешім болды. Медицинаға келгенде бар ықыласыңды арнап, осы кәсіпте мәңгі қаламын деп ойлайсың. Бес жыл үйлестіруші болып жұмыс істегеннен кейін маған «Мегаполистің» тілшісі болуды ұсынды. Кейін Михаил Дорофеев «Мегаполис» командасынан құрылып жатқан жаңа Informburo.kz басылымына тілші болуға шақырды. Одан кейін Sputnik пен Atameken Business-те жұмыс істеп, денсаулық сақтау және білім беру тақырыптарын жаздым.
2018 жылы мені «Астана Балет» театрының PR бөліміне шақырды. PR саласындағы жолым дәл осы «Астана Балеттен» басталды. Бірақ «медицина өз адамын жібермейді» дейді ғой. Мен де қайта осы салаға оралдым. Келесі жұмыс орным міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөніндегі коммуникациялар жобалық кеңсесі, одан кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі болды. МӘМС жүйесінің іске қосылуы мен пандемия осы кезеңге тұспа-тұс келді.
2025 жылдың ақпанында кардиохирург Юрий Пя құрған Heart Center Foundation қоғамдық қорына PR менеджері болып келдім. Біздің қор кардиология, кардиохирургия және трансплантологияның дамуын қолдайды. Жобаларымыздың бірі - туа біткен жүрек ақауы бар балалардың отбасыларына арналған пациенттер мектебі. 2024 жылы ол ата-аналармен кездесулерден басталып, кейін дәрігерлердің өңірлерге сапарлары, тексерулер және жергілікті мамандарды оқыту жұмыстары қосылды.
Қазірге дейін командамыз бір жыл ішінде алты өңірге барды. 98 бала тексеруден өтіп, кеңес алды. Ақтөбеде дәрігерлер 13 ота жасады: оның 11-і эндоваскулярлық, екеуі ашық жүрекке жасалған ота. Қарағандыда алты айлық сәбиге тағы бір ота жасалды. 120-дан астам маман туа біткен жүрек ақауларын ерте анықтау бойынша оқудан өтті. Біздің қор сапарларды ұйымдастырып, дәрігерлердің ұшу және тұру шығынын өтейді. Осы жоба арқылы дәрігерлер тексеруге, кеңеске немесе отаға мұқтаж пациенттердің өзіне бара алады. Пациенттерге республикалық орталықтарға барудың қажеті болмайды. Оралға барған сапарлардың бірінде отбасыларға кеңес беріп, дәрігерлерге шеберлік сабағын өткізуді жоспарлаған едік. Тексерілген балалардың арасында шұғыл көмекке мұқтаж пациенттер анықталды. Бір балаға көмектесу үшін Ақтөбеден кардиохирургтер шақырылды, тағы екі бала перинаталдық орталықтағы тексеруден кейін ауруханаға жатқызылды.
Қорымыздың тағы бір бағыты - ағза трансплантациясын күтіп жүрген адамдарды қолдауға арналған жыл сайынғы қайырымдылық жүгіру шарасы. Биыл оған бес мыңға жуық адам қатысты. Осы іс-шара арқылы біз донорлық және күту тізіміндегі пациенттер туралы айтамыз. Адам күн сайын донор табылғаны туралы қоңырауды күтіп, ол қоңырау соғылмаса, үміті сөне бастайды. Жүгіру шарасы арқылы оларға жалғыз емес екенін жеткіземіз.
Суретшілер туралы подкасттар және әлеуметтік жобаларға қолдау

Алуа Барманқұлова - тәуелсіз журналист, медиапродюсер және PR маманы. Оның жұмыс бағыттарының бірі - өнертанушы тәтесі Баян Кәрібайқызы Барманқұловамен бірге жазатын Қазақстанның бейнелеу өнері туралы подкасттар.
- Подкасттарымызда кескіндеме, мүсін, керамика, жекелеген авторлар мен өнер жанрларын талқылаймыз, - дейді Алуа. - Подкасттар орыс және қазақ тілдерінде әлеуметтік желілер мен YouTube-та шығады. Мен үшін жұрттың суретшілерімізді және бейнелеу өнеріміздің тарихын білгені маңызды. Бұл - қатары сиреп бара жатқан, бірқатары өмірден өтіп кеткен майталман суретшілер буыны. Оларды ұмытпай, жастарға таныту керек.
Сондай-ақ «Тәлімгерлер» бағдарламасы туралы ақпарат таратуға көмектесемін. Бағдарламаға қатысатын ересек адам балалар үйіндегі баламен тұрақты араласып, оған күнделікті өмір дағдыларын меңгеруге, қоғамдық көлікті пайдалануға, қалада және қоғамдық орындарда бағдар табуға көмектеседі. Ересек адам баламен жай ғана дос болады, қоғамдық көліктің не екенін, үлкен сауда орталықтарына қалай баруға болатынын түсіндіреді. Өз уақыты мен білімін бөліседі.
Тәжірибемде Қазақстанның әр қаласынан қатысушыларды біріктірген спорт жобасы да болды. Мен оны танытумен айналыстым. Жоба тамақтану және адамның өз денесіне деген көзқарасы мәселелерін қамтыды.
Әлеуметтік желілерімді блогер мен PR маманының жұмысын ұштастырып, «PR-логер» ретінде жүргіземін. Астана мен Алматыдағы мәдени іс-шаралардың анонстарын, ал олар өткеннен кейін қысқаша шолулар жариялаймын. Әлеуметтік жобалардағы PR маманының басты міндеті - бастамаға деген сенімді қалыптастыру және қоғамды нақты әлеуметтік мәселені шешуге жұмылдыру.
Топтаманың жалғасы екінші бөлімде…
Фоторепортаж Shanger.kz пен Aleminform бірлескен жобасы аясында дайындалды.
-2.jpg?2026-08-28T07:19:38.581Z)
Ақтау, Алматы және Астанадағы кітап клубтарының кейіпкерлері, қазақстандықтарды кітап айналасына біріктіріп жүрген қауымдастық жетекшілері.

Магира Қожахметовамен сұхбат — Қазақстан журналистикасының аңызының мамандық, дәуір және өзі сөйлескен адамдар туралы әңгімесі.

Бөкей әулетінің мұрасын сақтап келген Шолпанай Аманжолованың 30 жылдық зерттеуі мен тарихи еңбегін таныстыру. Қарлығаш Нұржан Shanger үшін

Екатерина Смолякованың балалық шағы, қазақ тілі, ҚБТУ, студенттер және жаңа буынды шабыттандырған арманы туралы әсерлі тарих.

Shanger.kz және Aleminform бірлескен жобасы, қазақстандық тележурналистердің далалық жұмысы, кәсіби тәуекелдері және кадр сыртындағы оқиғалары туралы.

Қазақстандағы авторлық құқық дағдарысы: композиторлар, заңгерлер мен музыканттар миллиардтардың жоғалуы мен авторлық қоғамдардың жабықтығы туралы.
Comments
No comments yet. Be the first to comment!