Көлеңкедегі миллиардтар: авторлардың ақшасы қайда кетеді?
Shanger.kz

Қазақстанда авторлық қоғамдар жүйесіне қатысты дау біршама ушығып кетті. Қазақстандық авторлардың музыкасы мейрамханаларда, радиода және интернетте тұрақты түрде шырқалып тұрса да, шығармашылық иелері авторлық құқықтарды басқарумен айналысатын ұйымдар арқылы қаражаттың бөлінуіне қатысты ашықтықтың жоқтығына шағымданады. Әділет министрлігінің дерегінше, 2024 жылы құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдары 1,7 млрд теңге жинаған. Алайда Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбековтың айтуынша, бұл нарықтың нақты көлемі жыл сайын 45–50 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бұл орасан зор айырмашылық қайда жоғалады? Авторлық құқықты цифрландыру жөніндегі жаңа заң жобасы нені өзгертеді? Және музыканттар мен композиторлар ақырында әділ әрі ашық есеп жүйесіне қол жеткізе ала ма? Осы материалда авторлық құқық жөніндегі заңгер Темірлан Төлегенов, сондай-ақ танымал композиторлар Байғали Серкебаев пен Иван Бреусовтың пікірлерімен бірге мәселені талдап көреміз.
Анықтама: Қазақстанда авторлық құқықтарды ұжымдық басқарумен айналысатын 15 ұйым бар, олардың тек 7-еуі аккредитациядан өткен.

Темірлан Төлегенов Қазақстандағы авторлық құқық мәселелерімен көп жылдан бері айналысып келеді. Құқықтану ғылымдарының кандидаты, тәжірибелі сарапшы ретінде ол түйткілдің түп-тамыры заңнамада емес, құқықтық сауатсыздықта деп санайды.
– Көпшілік үшін авторлық құқық тек даулар мен жанжалдардан тұратын құқықтық күрес сияқты көрінеді, – дейді Темірлан. – Бірақ шын мәнінде ол шығармашылық өнімді табыс көзіне айналдыруға көмектесетін ғылым. Біздің авторлық құқық туралы заңымызға шамамен 30 жыл болды, соған қарамастан ешбір шығармашылық оқу орнында бұл пән оқытылмайды. Адамдарды өнер туындысын жасауға үйретеді, бірақ оны қалай табысқа айналдыру керектігін ешкім үйретпейді. Мен үнемі атап өтетін жайт – әлемдегі шоу-бизнес, мәдениет пен өнер индустриясының негізінде авторлық құқық жүйесі жатыр. Қазақстан барлық халықаралық конвенцияларға қосылды, бірақ жүйе әлі де дұрыс жұмыс істемейді, өйткені адамдар өз құқықтарын қалай пайдалануды білмейді. Тіпті креативті индустрия мамандарын оқытатын арт-менеджерлерге авторлық құқық пәні енгізілмеген. Олар тек бюджет игеруді үйренеді, бұл — өте үлкен проблема.
Оның пікірінше, негізгі мәселе — мәдениетке қатысты кеңестік кезеңнен қалған ескі көзқарас. Біздің мәдениет саласы әлі күнге дейін мемлекеттік дотацияға тәуелді. Бірақ авторлық құқық — бұл шығармашылық адамға пайдаланушылармен өзара тиімді қарым-қатынас орнатуға және толыққанды монетизация тізбегін құруға мүмкіндік беретін кәсіпкерлік құқық. Әсіресе креативті экономика мәселесі күн тәртібінде өткір тұр. Біз шикізаттық экономикадан креативті экономикаға өтуді жариялап жатқанда, ең базалық мәселелер шешілмей отыр. Қазір шешуді талап ететін басты мәселе — авторлық құқық туралы білімді кеңінен насихаттау. Шығармашылық адамға дереу жәрдемақы емес, «қармақ» беру керек. Сонда ғана ол өз еңбегінің құнын өзі өндіре алады, шенеуніктердің табалдырығын тоздырмай.

– Қазіргі мәдениет саласын қаржыландыру жүйесі заман талабынан артта қалды. Өз ісіне берілген, бірақ шенеуніктермен жиі араласуды ұнатпайтын дарынды адамдар үнемі шетте қалып қояды. Қазақстандық авторлардың негізгі проблемаларының бірі – авторлық қоғамдардың көптігі. Өкінішке қарай, біз бұл мәселеде тығырыққа тірелдік. Кафелер, мейрамханалар, сауда орталықтары, сұлулық салондары, теледидар мен радио авторлық қоғамдарға тұрақты түрде қаржы аударады. Бірақ бұл ақша біздің авторларға жетпейді.
Дефакто, елімізде шығармашылық адамдардан миллиардтаған қаржыны ұрлап отырған авторлық қоғамдардың қылмыстық синдикаты қалыптасқан. Авторлық құқық Қазақстанда әлемдегідей шығармашылықты ынталандырып отырған жоқ, себебі сыйақы бөлу жүйесі толықтай бұрмаланған. Авторлық қоғамдар бұл саланы цифрландыруға барынша кедергі жасайды. Дегенмен екі жыл бұрын депутаттар бұл проблемаға назар аударып, Әділет министрлігімен бірігіп авторлық құқықтарға арналған бірыңғай цифрлық платформаны енгізу туралы заң жобасын әзірледі. Ол жүйе сыйақы жинау және бөлу процесін барынша ашық етеді. Сондай-ақ пайдаланушыларды музыка бойынша есеп тапсыру міндетінен босатады.

Байғали Серкебаев – аңызға айналған музыкант, "А-Студио" тобының негізін қалаушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Оның музыкасын посткеңестік кеңістікте білмейтін адам жоқ шығар. Осындай танымал автордың өзі авторлық сыйақыны алуда қиындықтарға тап болуы мүмкін емес сияқты. Алайда шындық басқаша болып шықты.
– Менің құқықтарым көптеген жылдар бойы бұзылып келеді, – дейді Байғали Серкебаев. – Қазақстанда авторлық сыйақыны соңғы рет алғаныма, ойласам, он жылдан асқан шығар. Бізде "авторлық қоғам" деп жүрген ұйымдар тәжірибеме сүйенсек шын мәнінде конторка деуге келетіндей. KazAK авторлық қоғамы ұзақ жылдар бойы есепті қағаз түрінде жүргізіп келді, бірақ бұл ақпаратты авторларға ешқашан ұсынбаған. Біз авторлар – шығармашылық адамдармыз, заң саласында бәріміз бірдей сауатты емеспіз, ал мұндай құрылымдар дәл осыны пайдаланады. Өкінішке қарай, авторлық қоғамдардың жұмысы өте нашар деңгейде. Олардан қандай да бір ақпарат алудың өзі мүмкін емес. Ал автор үшін оның шығармасы қашан, қайда орындалғанын білу — өте маңызды. Әділ сыйақы алу одан да маңызды. Авторлар оларға қарсы дауласқысы келмейді, тіпті ең болмаса аздаған ақша берсе болды деп ойлайды. Меніңше, бұл әдейі жасалған нәрсе. Өкініштісі, мұндай жағдай тек Қазақстанда емес, басқа елдерде де кездеседі.
Бақытымызға орай, әлемде авторлық қоғамдарды цифрландыру тренді күшейіп келеді. Мысалы, Ресейде бұл процесс біршама жолға қойылған. Мен Ресейдегі жағдаймен жиі салыстырамын, себебі мен авторлық сыйақыны тұрақты түрде Ресей авторлық қоғамы арқылы алып отырамын. Олардың сайтында менің жеке кабинетім бар, онда әрбір есеп пен түсім тұрақты түрде түсіп отырады. Әрине, мен ол кабинетті күнде қарап отыра бермеймін, бірақ бастысы – ақша тұрақты түседі.
Анықтама: Дамыған елдерде авторлық құқықтарды ұжымдық басқару жүйелері ашық цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді. Ресей авторлық қоғамы (РАО), мысалы, әрбір есеп пен төлемді көрсететін жеке кабинет береді.

– Осыдан кейін мен Қазақстанда бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін өз көзіммен көрейін деп KazAK қоғамына бардым. Одан кейінгі жағдай мен үшін нағыз шок болды. Бір қыз шығып, қос қабатты пластик есіктері бар тар дәлізде күте тұруымды сұрады. Төраға немесе атқарушы директор маған шығып, амандасып, қарсы алған да жоқ. Мен үшін, өмір бойы құрметпен қарым-қатынас көріп үйренген адам ретінде, бұл өте қорлайтын жағдай болды. Ресейдегі кез келген музыкалық баспаға, РАО-ға немесе өзге ұйымдарға барсам да, мені жылы қабылдайды. Мұнда да солай болады деп ойладым. Бірақ мұндай «қабылдаудан» кейін қатты абдырап қалдым. Ал маған көрсетілген осы қарым-қатынастан кейін, танымал емес авторларға қандай көзқараспен қарайтынын елестету тіпті қиын емес.
Қыз менен Kaspi банк реквизиттерін қалдыруды және шығармаларымды пайдалану туралы есептерді беру жөнінде өтініш жазуды сұрады. Бірақ содан бері бір жыл өтті — ешқандай ақпарат жоқ, толықтай үнсіздік. Міне, осындай бейберекетсіздік болып жатыр, және бұл мәселемен бірдеңе жасау керек.

Иван Бреусов – композитор, жүзден астам әннің авторы, Қазақстанның аңызға айналған "101" тобының бұрынғы қатысушысы, Ресейдің "Фабрика звезд–4" жобасының финалисті. Бүгінде ол тек әнші ғана емес, музыкалық продюсер, яғни музыканы жасаудың толық цикліне жауапты маман. Және ол Қазақстанда осы жүйемен күресуді ашық бастап кеткен алғашқы адамның бірі.
– 2019 жылға дейін мен авторлық сыйақыны тұрақты алып отырдым, – дейді Иван Бреусов. – Жеке компаниялармен жұмыс істедім, олар ірі авторлық қоғаммен байланысты болатын. Жылына төрт миллион теңгеге дейін табыс табатынмын: әр тоқсанда 700 мыңнан 1,5 млн теңгеге дейін алатынмын. Жүйе өте қарапайым жұмыс істейтін. Авторлық қоғамның қызметкері қоңырау шалып, ақшаңыз дайын, келіп алыңыз деп шақыратын. Мен қолхатқа қол қойып, сыйақымды алатынмын. Бірақ 2019 жылы бәрі аяқ астынан тоқтап қалды. Сұрақтарыма бір ғана жауап еститінмін: «Сіздің әндеріңізді тыңдамай қойды». Бірақ бұл сөзді тексеру мүмкін емес еді, себебі барлық есеп қолмен толтырылатын, ал ведомостарға кез келген фамилияны жазуға болатын.
Мен түсініктеме алуға тырыстым, бірақ мені елемеді. Ешқандай кездесу өткізуге талпыныс болған жоқ. Сұрақтарыма ешкім жауап бермеді. Біраз уақыттан соң мен ол авторлық қоғамнан мүлде кеттім, себебі табыс жоқ, бірақ әндерім әлі де қолданыста болатын. Кейін ол жерде басшылық ауысқан соң мен қайта кіріп көрдім. Маған қандай да бір ұсақ ақша берді, шамамен 100 мың теңге. Бұл — қорлайтын нәрсе. Мен есептеп көрдім: соңғы алты жылда мен тек авторлық құқық бойынша 30 млн теңге көлемінде қаражаттан айырылғанмын. Бұл смежные права-ны қоспағанда. Ал бұл тек менің әндерім бойынша. Ел бойынша осы проблеманың ауқымын елестетіп көріңіз.
Қазақстанда 15 авторлық қоғам жұмыс істейді, бірақ олардың тек жетеуі ғана мемлекеттік аккредитацияға ие және олар музыканы пайдаланатын ұйымдардан ақша жинауға, кейін оны авторлар арасында бөлуге міндетті. Практикада бұл жүйе істемейді. Заң бойынша, песня стримингтік платформаларға шыққан кезде оған арнайы код беріледі. Бұл код интернет кеңістігінде автоматты түрде тіркелуі керек. Ал ақша қазақстандық авторлық қоғамға түсіп, композитор, сөз авторы, аранжировщик және музыканттар арасында әділ бөлінуі тиіс. Бірақ бұл механизм мүлде жұмыс істемейді.

– Мен күресуді шештім. Командаммен бірге заңбұзушылықтарды тіркей бастадық. Ірі караоке компаниялардың менің әндерімді каталогтарында пайдаланып жүргенін, бірақ маған ештеңе төлемейтінін анықтадық. Бұл компаниялар музыканы дистрибьюторлардан алады, бірақ оларда авторлық құқықты пайдалану құқығы бар-жоғын тексермейді. Біз дәлел жинадық, скриншоттарды нотариалды түрде бекіттік және құқық қорғау органдарына жүгіндік. Екі рет бас тарту алдық, себебін де түсіндірген жоқ. Бірақ мен берілмеймін.
Мен бұл мәселе туралы ашық айта бастағаннан кейін, ірі авторлық қоғамдардың бірі мені жала жапты деп сотқа берді. Мені жалған ақпарат таратты деп айыптады. Екі апта бойы тергеу органдары менің жарияланымымды тексерді, бірақ ешқандай заңбұзушылық таппады. Іс жабылды. Бірақ жүйкенің тозуы өте ауыр болды. Сен шындықты айтасың, ал сені қорқытады.
Қазақстанда орындаушыларды бәрі біледі, бірақ әндердің авторларын ешкім танымайды. Орындаушылар концерттер мен корпоративтерден табыс табады, ал авторлар көлеңкеде қалады. Мен жүзден астам ән жаздым, оларды Макпал Исабекова, Дильназ Ахмадиева, Айқын Төлепберген және "101" тобы орындайды. Бірақ адамдар әлі күнге дейін мені тек әнші деп ойлайды, композитор екенімді біле бермейді.
Мен әділдік іздеймін. Мемлекет деңгейінде соңғы алты жылдағы авторлық қоғамдарға аудит жүргізу қажет. Барлық құжаттарды көрсетіп, ақшаның қайда кеткенін түсіндіруі тиіс. Музыканы цифрландыру қажет, автор әрбір қолдануды көре алуы керек. Бұл процесті Үкімет және Мәдениет министрлігі деңгейінде қатаң бақылау қажет. Қазір орасан зор қаржы жеке мүддені ойлайтын адамдардың қолында қалып жатыр. Одан бүкіл шығармашылық қауым зардап шегуде. Хит әндердің авторларының өзі пәтерақыны әрең төлеп жүрген жағдайлар бар.
Осы жағдайдан шығудың жолы ретінде мен Темірлан Төлегеновтің бастамасымен әзірленген бірыңғай цифрлық платформа туралы жаңа заң жобасына үміт артамын. Бұл жүйе нарықтағы шынайы табысты көруге, жылдар бойы авторлардың ақшасын заңсыз иемденгендерді анықтауға мүмкіндік береді. Қазір көптеген авторлық қоғамдар бұл заңды бұғаттауға тырысып, халықаралық нормалар бұзылады деген желеумен Президент Әкімшілігіне хат жаудырып жатыр. Бірақ мен ақыл-ой жеңеді және заң күшіне енеді деп сенемін. Бұл — автор еңбегінің нақты нәтижесін көре алатын әділ әрі ашық жүйе құрудың жалғыз жолы.
Материалдағы кейіпкерлер мен сарапшылардың пікірлері олардың жеке көзқарасы болып табылады және редакцияның ресми ұстанымын білдірмейді.
.jpg?2025-10-26T23:25:02.017Z)
Социальный проект о коррупции в Казахстане: реальные признания людей, вымышленные имена и честный взгляд на то, как устроена система.
Comments
No comments yet. Be the first to comment!