Мұнайшылар қаласындағы балаларға арналған спорт кешені
Shanger.kz

Жаңаөзенде мұнай өндіріледі, ірі өндіріс орындары жұмыс істейді, алайда әлеуметтік инфрақұрылымның тапшылығы айқын сезіледі. Маңғыстау облысы туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда, балалар мен жасөспірімдер көп, бірақ Жаңаөзенде спортпен шұғылдануға арналған сапалы орындар жеткіліксіз. Қалада спорт нысандары формалды түрде бар болғанымен, олардың көбі ескірген және жүктемені көтере алмайды. Аула алаңдары негізінен кішкентай балаларға арналған, ал жасөспірімдер спортпен қай жерде болса, сол жерде айналысуға мәжбүр. Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры 2022 жылдан бастап бұл жағдайды өзгертуге кірісті. Тілші құрылыс алаңында болып, қала тұрғындарымен сөйлесті.
Жаңаөзен қаласында барлығы 178 спорт нысаны бар: 6 спорт кешені, 50 спорт залы, 2 бассейн, 116 спорт алаңы, 1 стадион, 2 атыс тирі және 1 ипподром. Сондай-ақ 6 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1 жеке спорт кешені, 3 спорт клубы және 5 фитнес-орталық жұмыс істейді. Алайда туу көрсеткіші жоғары, балалар саны көп қала үшін бұл жеткіліксіз. Көптеген нысандар ескірген, ал заманауи әрі сапалы спорт инфрақұрылымына қолжетімділік шектеулі.
.jpg?2025-12-19T05:08:56.053Z)
2026 жылы құрылыс аяқталғаннан кейін Жаңаөзендегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені осылай көрінетін болады.
Алдымен қор қала қажеттіліктерін зерттеп, кешенді мәселелерге назар аударды: су тапшылығы, балалардың бос уақыты және жұмыс орындарының жетіспеуі. 2022 жылы воркаут аймақтары мен мини-футбол алаңдары бар 16 балалар алаңы салынды. 2023 жылы қор облыс әкімдігімен ауқымды даму бағдарламасы туралы меморандумға қол қойды. Бағдарлама аясында балалар алаңдары, ФОК және басқа да нысандар салу көзделді. Қаланың 55 жылдығына орай тағы 46 спорт алаңы қосылып, барлығы 52 белсенді демалыс нүктесі пайда болды. Келесі кезең — толыққанды дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы.

Жобаның құны 1,4 миллиард теңге, жүзеге асыру мерзімі бір жыл. Ашылуы 2026 жылы Балаларды қорғау күніне жоспарланған. ФОК Halyk қоры жүзеге асырып жатқан Маңғыстау облысын дамытудың ауқымды бағдарламасының бір бөлігі. Құрылысқа 40 жұмысшы мен 13 техника бірлігі тартылған. Кешен көпшілік спортты дамытуға арналған базаға және ауыл балаларының жарыстарға қатысуына мүмкіндік беретін «Ауыл спорт» бағдарламасының орталығына айналады.

Әкімдік сұранысы бойынша кешенде басқа қалалардан жарыстарға келетін балаларды орналастыруға арналған шағын қонақүй қарастырылған. Үлкен зал халықаралық стандарттарға сай кеңейтіліп, футзал бойынша жоғары деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді. Қордың балалар алаңдары бойынша жұмысымен таныс тұрғындар қандай спорт түрлері болуы керектігін белсенді түрде айтты. Барлық ұсыныстар жобалау кезінде ескерілді. Нысан тек функционалды емес, сонымен қатар көрікті болады.

– Қазір нысанда тас қалау жұмыстары жүргізіліп, еден астына бетон құйылып жатыр, – дейді прораб Серік Сахиев. – Ғимарат бір қабатты болады, қазіргі таңда орта деңгейге жеттік. Барлығы жоспарға сай болса, ағымдағы жұмыстарды (ред. еск.) Жаңа жылдан кейін аяқтаймыз деп отырмыз. Суық құрылысқа кедергі келтірмейді, ауа райына қарамастан жұмыс жалғасады.

– Мен Sapa Industrial Services компаниясын таныстырамын, біз бұл нысанда техникалық қадағалауды жүзеге асырамыз, – дейді техқадағалау жетекшісі Аслан Чакенов. – Біздің басты міндетіміз — құрылыс сапасын қамтамасыз ету, қолданылатын материалдарды бақылау және жұмыстардың жобалық әрі нормативтік талаптарға сәйкестігін тексеру. Біз мердігерлерді тексереміз, жасырын жұмыстар актілері бойынша қабылдаймыз, егер ескертулер болса, олар құрылыс барысында жойылады.

– Бұл дене шынықтыру-сауықтыру кешені 111 спортпен шұғылданушыға және 330 көрерменге арналған. Кешен құрамында өлшемі 24х42 метр болатын футбол мен баскетболға арналған үлкен әмбебап зал, еркін күрес залы, бокс залы, дзюдо залы, фитнес залы және каратэ залы қарастырылған. Сондай-ақ буфет болады. Басқа қалалардан келетін жарысқа қатысушылар үшін әрқайсысында жеке санитарлық торап пен душы бар, 12 адамға арналған үш тұрғын бөлме жоспарланған. Кешеннің жалпы аумағы 3076 шаршы метрді құрайды. Фитнес залда заманауи жабдықтар, оның ішінде жүгіру жолақтары орнатылады.

ФОК құрылысы туралы хабар қалаға тез тарады. Жаңаөзен тұрғындары жобаны үлкен үмітпен қарсы алып отыр, көпшілігі үшін бұл — балаларын қаланың басқа бөлігіне апармай-ақ, үйіне жақын секцияларға беру мүмкіндігі.

– Жаңаөзенде дене шынықтыру-сауықтыру орталығы салынып жатқанын естідік, бұл біз үшін үлкен қуаныш, – дейді қала тұрғыны Майра Алпамысова. – Бұл қала дамуы үшін, әсіресе жастарымыз үшін өте маңызды нысан. Орталық ашылғанда, Алла қаласа, балаларымызды сол жерге апарамыз. Мұндай нысандар біздің қалаға өте қажет. Оның салынып жатқанына қуаныштымыз және осы жобаға атсалысып жатқан барша жанға алғыс айтамыз. Балаларымыз әртүрлі спорт түрлерімен айналысып, болашақта Қазақстан чемпиондары болады деп үміттенеміз.

– ФОК салынып жатыр, және біз оның шынымен қажет екеніне сенеміз, – дейді Альбина Жанбирова. – Осындай нысанды қаламызға салып жатқан демеуші ретінде Тимур Құлыбаевтың Halyk қорына зор алғыс білдіреміз. Бұл — өте маңызды әрі қажет ғимарат. Балалар спортпен айналысуға, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алады, бұл — жастарымыздың болашағына қосылған үлкен үлес.

– Біз ФОК-тың ашылуын бәріміз күтіп жүрміз, ол маусым айында жоспарланып отыр, – дейді Жаңаөзен тұрғыны Шынар Нуриманова. – Мұндай нысандар қаламызда көбірек болуы керек. Балалардың спортпен айналысуына, зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулығын сақтауға мүмкіндігі болуы маңызды. Қазір қоғамда түрлі мифтер мен жағымсыз әсерлер көп, жастар соған тез алданып қалуы мүмкін. Сондықтан Жаңаөзенге спорт кешендері, үлкен бассейндер, жастар мен жасөспірімдерге арналған кеңістіктер өте қажет.

Halyk қоры салған балалар алаңы.
– Кішкентай балаларға арналған ойын алаңдары бар, ал жасөспірімдер мен жиырма жасқа дейінгі жастарға арналған бос уақыт өткізетін орындар іс жүзінде жоқ. Қалада парктер де жетіспейді, жасыл желек өте аз, ағаш отырғызу қажет. Бізге әрдайым Ақтауға бармай-ақ, ем қабылдай алатын оңалту орталығы да керек. Мен фитнес залға барамын, бірақ олардың саны аз, әсіресе әйелдерге арналған заманауи, кең залдар ашылса дейміз. Қоғамда әйелдер мен олардың денсаулығына көбірек көңіл бөліне бастағаны қуантады.

Әрине, ФОК қаланың барлық мәселесін шешпейді, бірақ бұл — мыңдаған балаға спортқа қолжетімділік беретін, жұмыс орындарын ашатын және жеке қайырымдылықтың өңірлердегі өмір сапасын өзгерте алатынын көрсететін нақты қадам. Жаңаөзен тәжірибесі әлеуметтік инфрақұрылымы экономикалық әлеуетінен кейін қалып отырған басқа қалалар үшін үлгі бола алады.
Анықтама үшін: Маңғыстау облысы Halyk қоры жүзеге асырып отырған кешенді жобаларды іске асыру алаңына айналды. Атап айтқанда, Бейнеу астық терминалын қайта жаңғырту жобасы 1,8 миллиард теңгеге жүзеге асырылып, 200 жаңа жұмыс орны құрылды. Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарының 25 мың тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жалпы құны 565 миллион теңге болатын тұщыту қондырғылары орнатылды. Жаңаөзен қаласында 50-ден астам балалар және спорт нысандары салынды: 2022 жылы — 16 балалар алаңы, ал 2023 жылы қаланың 55 жылдығына орай тағы 46 спорт нысаны пайдалануға берілді. Бұл жобаларға 415 миллион теңге бағытталды. Сонымен қатар Бейнеу ауданындағы үш мектепке 500 миллион теңгеге заманауи жабдықтар орнатылды. Жалпы алғанда, өңірге шамамен 5 миллиард теңге көлемінде қаржы бағытталды. 2023 және 2024 жылдардың қорытындысы бойынша Halyk қоры Маңғыстау облысының ең үздік меценаты деп танылды.

В селе Аулиеколь открыт новый детский сад «Алтын бесік», оснащённый по международным стандартам и прозванный «Аулиекольским Хогвартсом».

Auyl Sport жобасы ауыл спортшыларына жеңістерге және халықаралық аренаға жол ашып, жаңа мүмкіндіктер берді…Фоторепортаж Карлыгаш Нуржан для Shanger.kz

Терминал мен «Отпан» жобасы Бейнеу өмірін қалай өзгертті…Фоторепортаж Карлыгаш Нуржан для Shanger.kz

Астананың жасыл белдеуінде волонтерлер 7 500 алма көшетін отырғызды. «Halyk орманы» жобасы бес жылда 4 миллион ағаш егуге бағытталған.
Comments
No comments yet. Be the first to comment!